Егін ору науқанына дайындық
Тамыздың алғашқы күндері. Кеше ғана аудан шаруашылықтары егістік егумен жанталаса жағаласып еді, енді, міне, жаз зымырап өтіп, егін ору науқаны да жетіп қалды. Сондықтан бұл жауапты науқанға дайындық қалай жүріп жатқанын білу ниетімен біз «Сокол – Агро» ЖШС бидай тоғына ат терлете бардық. Мұнда шаруашылық агрономы Иван Васильевич Гамянинмен егін ору науқанына дайындықтары жайлы сұхбаттастық:
— Жалпы егін ору науқанына шаруашылық дайын деуге болады, — деп бастады агроном өз әңгімесін. – Екі мехток, бидай түсіретін алаңшалардың дайындықтары – 100 %. Азғантай жұмысымыз қалды бидайсақтау қоймаларында. Мұнда қазір дезинфекциялық, дезинсекциялық жұмыстар атқарылып жатыр. Жуық арада бұл жұмыстар аяқталады.
— Былтырғы ауыр ору науқанынан не түйіп, биыл не ескеріп отырмақсыздар?
— Былтыр ең басты мәселе — ол түсіп жатқан ылғалды бидайды орналастыру мен жартылай кептіріп элеваторға дер кезде жеткізіп отыру қажет болды. Бұл жағдайды ескере отырып, биыл қосымша алаңшалар, бидай түсіретін орындар мен құрал-жабдықтарын дайындап қойдық.
— Зернотоқта қазір қанша кісі еңбектеніп жатыр, — деп сауалымызды тоқ меңгерушісі Владимир Иванович Васильевке жолдадық.
— Дәл қазір тоқта 12 адам жұмыс істейді. 6 әйел – олар қоймалар ішін тазартып, кептіріп, қабырғаларын ақтап, жаңа бидай қабылдауға дайындап қойды. Оған қоса аула ішіндегі шөптерді жұлып, жинастырып, сыпырып, бояп қойды. Ер азаматтар мехтоктарды жөндеп, құрал-жабдықтарын реттеп, тәртіпке келтірді. Науқан басталысымен ұжымға тағы 2-3 кісі қосылады, дейміз, — деді ол.
Тоқ таразысына төбесіне дейін шөп тиілген арбалы «Беларус» тракторы тұра қалды. И.В. Гамянин түсіндіре бастады:
— Қазір шаруашылық өз қызметкерлеріне үй шаруасындағы малдарына қажетті шөп тағайындаумен айналысуда. ЖШС жұмысшыларына шөп 1 тоннасы 4 мың теңге есебінен беріледі. Бұл аудан бойынша тиімді баға деуге болады. Шөп шабу барысында біз шөп қысқыға дайындау мақсатымен қоса, көпжылдық шөп түрлерін жаңартуды көздеп отырмыз.
Сонымен қатар, ауа райына байланысты егін егу жұмыстары кеш аяқталып, қазір шаруашылық жерлерінің 4-5 мың гектарында тыңайту жұмыстары жүргізіліп жатыр, енді бірісі шамамен 4 мың гектар жерлерде күздік тұқым егуге ыңғайланып жатыр.
— «Сокол-Агро» ЖШС-де егін ору науқаны қашан басталады деп жоспарланып отыр?
— Егін қолайсыз ауа райы жағдайында егілгені баршаға мәлім. Сондықтан егістіктердің жетілуінің өзі әркелкі болып отыр. Мысалы, бидай мен қарабидай әлі қоюлану кезеңінен өтіп жатыр. Сондықтан, ойымызша, егін ору науқаны, сірә, сұлы орудан тамыздың 20-нан кейін бастауға тиіспіз, деп аяқтады әңгімесін шаруашылық агрономы.